A- A A+
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2 қыркүйек 2019 ж

СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУIНIҢ НЕГIЗI

Құрметтi отандастар!

Құрметтi депутаттар, үкiмет мүшелерi!

Баршаңызды жаңа парламенттiк маусымның басталуымен құттықтаймын!

Бiз елiмiздiң жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келемiз.

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзiнiң Тәуелсiздiгiн жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.

Осы уақыт iшiнде Қазақстанның Тұңғыш Президентi — Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың басшылығымен елiмiз әлемдегi беделдi әрi орнықты мемлекетке айналды.

Баянды бiрлiгiмiздiң арқасында тәуелсiздiгiмiздi нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.

Бұл жасампаздық пен iлгерiлеу, бейбiтшiлiк пен келiсiм кезеңi болды.

Елiмiздiң даму жолын бүкiл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни Назарбаев моделi деп атады.

Қазiр бiзге Тәуелсiздiктiң жетiстiктерiн еселеп, елiмiздi дамудың жаңа сапалы кезеңiне шығару мүмкiндiгi берiлiп отыр.

Бiз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелi реформалар жүргiзу арқылы қол жеткiзе аламыз.

Өздерiңiзге белгiлi, осының бәрi менiң сайлау алдындағы бағдарламама негiз болды.

Қазiр мемлекеттiк органдар оны жүзеге асыру үшiн тиiстi жұмыстар жүргiзуде.

Мен халыққа берген уәделерiмдi мiндеттi түрде орындаймын.

Бiз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарынтолыққанды жүзеге асыру қажеттiгiн басты назарда ұстауымыз керек.

Елбасымыздың бастамасымен құрылған Жаңғырту жөнiндегi Ұлттық комиссияныңжұмысын қайта жандандыру қажет.

Ендi ортақ мiндеттерiмiздi және сайлауалды бағдарламамды iске асыруға қатысты ой-пiкiрлерiме тоқталайын.

I. ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТИIМДI МЕМЛЕКЕТ.

Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерiсi азаматтарымыз бен мемлекетiмiздiң мүдделерiне сәйкес,бiртiндеп үздiксiз жүзеге асырылатын болады.

Негiзсiз, жүйесiз саяси ырықтандыру елдiң iшкi саяси ахуалының тұрақсыздығына, тiптiмемлекеттiлiктен айырылуға әкелiп соғатынын әлем елдерiнiң тәжiрибесiнен көрiп отырмыз.

Сондықтан бiз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керiсiнше, кезең-кезеңiмен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.

Елiмiздiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды iске асыру мүмкiн емес. Бұл — бiздiң ұстанатын басты қағидатымыз.

«Күштi Президент — ықпалды Парламент — есеп беретiн Үкiмет».

Бiз бұл мақсатқа әлi де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жiгерiмiздi салуымыз қажет.

Саяси жүйенiң бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негiзi саналады.

Азаматтардың барлық сындарлы өтiнiш-тiлектерiн жедел әрi тиiмдi қарастыратын «Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын iске асыру — бәрiмiзге ортақ мiндет.

Билiк пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазiргi геосаяси ахуалға бейiмделген үйлесiмдi мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетiп, оның әлеуетiн нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттiк мiндеттердi шешу үшiн талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкiндiктерiн кеңiнен қолдану қажет.

Осы мақсатпен бiз белгiлi қоғам өкiлдерiн қамтитын Ұлттық қоғамдық сенiм кеңесiн құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртiппен жұмыс iстейдi.

Алдағы уақытта бiзге мынадай шараларды жүзеге асыру керек.

Бiрiншi. Партия құрылысы үдерiсiн жалғастыру.

Көшбасшымыз және партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арқасында «Nur Otan» партиясы елiмiздiң жетекшi саяси ұйымына жүктелетiн күрделi әрi жауапты мiндеттердi дәйектi түрде iске асырып келедi.

Бiз қоғам игiлiгi үшiн сындарлы саясат жүргiзiп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс iстеуiмiз қажет.

Қоғамды толғандырып отырған негiзгi мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешiмiн табуы тиiс.

Депутаттар Үкiметке өзектi мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздерiне берiлген заңды құқықтарын пайдалануы қажет.

Заң шығарушы және атқарушы билiк арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, iскерлiк сипатқа, өзара құрметке негiзделуi тиiс.

Мемлекет басшысы ретiнде елiмiзде көппартиялықты, саяси бәсекелестiктi және ой-пiкiрдiң сан алуандығын дамытуға ықпал етудi өз мiндетiм деп санаймын.

Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшiн маңызды.

Алдағы Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар сайлауы елiмiздегi көппартиялық жүйенiң дамуына оң ықпал етуi тиiс.

Екiншi. Халықпен тиiмдi керi байланыс орнату.

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттiк органдар қызметiнiң негiзгi басымдықтары саналады.

Президент Әкiмшiлiгiнде азаматтардан келiп түскен өтiнiштердi мемлекеттiк органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлiм құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергiлiктi органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгiнуге мәжбүр болады.

Белгiлi бiр саладағы шешiмдердiң әдiлетсiздiгiне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттiк органда немесе аймақта күрделi түйткiлдер бар екенiн көрсетедi. Ендi бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиiстi шешiмдер қабылдаған жөн.

Мемлекеттiк қызметшiлер жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бiрге 2020 жылдан бастап бiз мемлекеттiк қызметшiлердiң санын бiртiндеп қысқартуға кiрiсiп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлердi ынталандыруға жұмсаймыз.

2024 жылға қарай мемлекеттiк қызметшiлердiң және ұлттық компаниялар қызметкерлерiнiң санын 25 пайызға қысқарту қажет.

Үшiншi. Митингтер туралы заңнаманы жетiлдiру.

Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркiн айтуға құқығы бар.

Егер бейбiт акциялар заңның шеңберiнен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсiнiстiкпен қарап, жиындарды өткiзу үшiн арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетiнде болмауы тиiс.

Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберiнде тосқауыл қойылады.

Төртiншi. Қоғамдық келiсiмдi нығайту.

Әлеуметтiк және этникалық топтар арасындағы келiсiм — бүкiл қоғамның бiрлескен еңбегiнiң нәтижесi.

Осыған орай, саяси үрдiстердi саралап, бiрлiгiмiздi нығайта түсу үшiн нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретiндегi рөлiн бекемдеп, этносаралық татулық пен дiнаралық түсiнiстiктi қалыптастыра беруiмiз қажет.

Бiздiң ұстанымымыз: «Ел бiрлiгi — оның әралуандығында!».

Елiмiздегi этникалық топтардың тiлi мен мәдениетiн дамытуға жағдай жасай беремiз.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi рөлi күшейiп, ұлтаралық қатынас тiлiне айналатын кезеңi келедi деп есептеймiн.

Бiрақ мұндай дәрежеге жету үшiн бәрiмiз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргiзуiмiз керек.

Сондай-ақ, тiл үлкен саясаттың құралы екенiн де ұмытпаған жөн.

Белсендi азаматтық қоғам құру үшiн үкiметтiк емес ұйымдардың беделiн арттыру қажет деп санаймын.

Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейiнгiтұжырымдамасын әзiрлеп, қабылдауымыз керек.

Келер жылы аталып өтетiн маңызды мерейтойлар мен елеулi оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.

Ендiгi жылы бәрiмiз

Әл-Фарабидiң 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтемiз.

Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерiн халық арасында дәрiптеуiмiз керек.

Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге — Тәуелсiздiктiң 30 жылдығына байланысты тиiстi

iс-шараларды iске асыруымыз қажет.

Ел өмiрiндегi осындай елеулi оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемiн.

II. АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУIПСIЗДIГIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.

Сот және құқық қорғау жүйесiндегi күрделi реформалар — азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауiпсiздiгiн күшейтудiң негiзгi факторы.

Сот шешiмдерiнiң сапасын арттыру үшiн бiрқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.

Судьялардың заңды және iшкi сенiмдi басшылыққа алып, шешiм шығару құқығы мызғымас сипатқа ие.

Дегенмен, сот шешiмдерiн мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бiрыңғай сот тәжiрибесiн орнықтыру қажет.

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билiк органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне қатысты шағым түсiру кезiнде көп жағдайда теңсiздiк ахуалында қалып жатады.

Олардың мүмкiндiктерiн мемлекеттiк аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейдi.

Сондықтан осындай теңсiздiктердi болдырмау мақсатында дауларды шешудiң ерекше тетiгi ретiнде әкiмшiлiк әдiлет құрылымын енгiзу қажет.

Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.

Аталған дәлелдемелердi жинақтау мiндетi жеке азаматқа немесе бизнеске емес,мемлекеттiк органға жүктелетiн болады.

Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерiн ескере отырып, түсiндiрiлуi тиiс.

Келесi бiр маңызды мәселеге тоқталайын.

Бiз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелiгiнiң қатаң жазалау тәжiрибесiнен бас тарттық. Алайда, елiмiзде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр.

Бiз заңнамамызды iзгiлендiру iсiне көбiрек мән берiп, азаматтардың негiзгi құқықтарынназардан тыс қалдырдық.

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есiрткi тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсiресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселенi шешудi Парламентке және Үкiметке тапсырамын.

Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бiр түрi — браконьерлiк проблемасының бетпердесiн ашты.

Бүгiнде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерiнiң жазалана қоймайтынына сенiмдi. Биылдың өзiнде жануарлар әлемiн қорғап жүрген екi инспектор браконьерлердiң қолынан қаза тапты.

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлiнде браконьерлердiң қылмыстық тобы ұсталды.

Бұл тек бiр ғана мысал, алайда браконьерлiктiң тамыры тереңге жайылған, соның iшiнде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз — табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтiруде.

Үкiметке екi ай iшiнде тиiстi заңнаманы қатайту үшiн шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесi күн тәртiбiнен түскен жоқ.

Орталық және жергiлiктi органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргiзу iсiн қайта қалпына келтiру қажет.

Бұған сарапшылар мен қоғам өкiлдерi де атсалысуы тиiс.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменiң бiрiншi басшысының жауапкершiлiгiн заңнамалық және нормативтiк тұрғыдан нақты белгiлеу керек.

Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшiн сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл органдарының қызметкерлерiн қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ.

Кiнәсiздiк презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиiс.

Құқық қорғау жүйесiн толық реформалау — аса маңызды мiндеттердiң бiрi.

Полицияның мемлекеттiк күштiк құрылымындағы бейнесi бiрте-бiрте өзгерiп, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн азаматтарға қызмет көрсететiн органға айналады.

Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейiн Әкiмшiлiк полиция комитетiнiң жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргiзген жөн.

Полицейлер жұмысының тиiмдiлiгi полиция қызметiнiң беделдi болуына байланысты.

Iшкi iстер министрлiгiн реформалауға алдағы үш жыл iшiнде 173 миллиард теңге бөлiнедi.

Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерiн ашуға жұмсалады.

Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендiк сипаттағы апаттардан қорғаумәселесiне баса мән берiледi.

Өкiнiшке қарай, мұндай апаттар бiздiң елiмiзде ғана емес, бүкiл әлемде жиiлеп кеттi.

Бұл салада кәсiби мамандар жұмыс iстеуi керек.

Үкiметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерiнiң еңбекақысын Iшкi iстер органдарын реформалау үшiн берiлетiн қаражат есебiнен көбейтудi және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Бiздiң алдымызда жаңа тұжырымдама негiзiнде тегеурiндi әскер қалыптастыру мiндетi тұр.

Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткiлдi мәселелер қордаланып қалғанын көрсеттi.

Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесiн және жалпы тәртiптi нығайтатын кез келдi.

Сонымен бiрге әскери қызметтiң беделiн арттырып, Қарулы Күштердiң материалдық базасын нығайту қажет.

Отанына адал, кәсiби тұрғыдан дайындалған офицерлерi мен әскери қызметшiлерi бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек.

III. ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТI ЭКОНОМИКА.

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға iлгерiлеп келедi.

Жыл басынан берi оның өсiмi орташа әлемдiк көрсеткiштен жоғары болды.

Егер қажеттi құрылымдық өзгерiстердi жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай iшкi жалпы өнiмнiң жыл сайынғы тұрақты өсiмiн 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткiзуге болады.

Экономиканың дамуына тың серпiн беру үшiн Үкiмет пен Президент Әкiмшiлiгi отандық және шетелдiк сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.

Елбасы ұсынған 2050 жылға дейiнгi ұзақ мерзiмдi даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бiрқатар құрылымдық мiндеттердi iске асыруымыз керек.

Бiрiншi. Шикiзатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.

«Бiлiм экономикасы», еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллектi жаһандық дамудың негiзгi факторларына айналды.

Индустрияландырудың үшiншi бесжылдығын жүргiзу барысында жiберiлген барлық қателiктердi, олқылықтарды ескеруiмiз керек.

Бұл мәселелер бойынша менiң барлық тапсырмаларымды, ескертпелерiмдi Үкiмет толық орындауға мiндеттi.

Еңбек өнiмдiлiгiнiң нақты өсiмiн кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек.

Елiмiздi өңiрдегi көшбасшы ретiнде танытып, Орталық Азиядағы беделiмiздi арттыру –стратегиялық мiндет.

Бұл — Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз.

Екiншi. Квазимемлекеттiк сектордың қайтарымын арттыру.

Бiздiң мемлекеттiк компаниялар iрi конгломераттарға айналды. Бiрақ олардың халықаралық бәсекеге қабiлеттiлiгi күмән тудырады.

Мемлекеттiң экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квазимемлекеттiк компаниялар құруға мораторий енгiзу жөнiнде шешiм қабылдадым.

Бiз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл iшiнде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын бiлуiмiз керек.

Үкiмет Есеп комитетiмен бiрлесiп, үш айдың iшiнде мемлекеттiк холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиiмдiлiгiн анықтау үшiн талдау жүргiзуi тиiс.

Квазимемлекеттiк компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседi.

Тұрғын үй саясаты саласында бiр мезетте 7 мемлекеттiк оператор жұмыс iстейдi. Бұл тек орталық деңгейдегi ахуал!

Мемлекеттiк компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек.

Бiрақ, стратегиялық секторларда жұмыс iстейтiн мемлекеттiк компаниялардың қызметiне мұқият болған жөн.

Ондай компаниялар мемлекет бақылауында болуы тиiс.

Әйтпесе, мемлекеттiк монополистердiң орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуiмiз мүмкiн.

Үкiмет баға белгiлеу және тарифтер мәселесiмен жүйелi әрi нақты айналысуы керек.

Бұл табиғи монополистердiң тауарларына да, көрсететiн қызметтерiне де қатысты.

Елiмiзде азық-түлiк пен киiм-кешектен бастап, түрлi қызметтерге дейiн бағаның жоғары екенi жасырын емес.

Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негiзгi әуе тасымалдаушы белгiлейтiн билеттердiң құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық.Бiздiң әуежайда көрсетiлетiн қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсiндiруге болады?

Қазақстан әуежайларында жанармай шетелдiк тасымалдаушылар үшiн қымбат бағаға, ал отандық тасымалдаушыларға арзанға сатылатыны нелiктен?

Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабiлеттiлiгiнен айырылып, транзиттiк әлеуетiмiз төмендеп кеттi.

Тиiстi министрлiк пен ведомстволардың салғырттығына байланысты темiр жол билеттерiнiң тапшылығы қолдан жасалып отыр.

Бұл салаларда тез арада тәртiп орнату керек.

Бiздiң мақсатымыз — мемлекеттiң тұрақтандырушы рөлiн сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету.

Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл — бiздiң жұмысымыздың басым бағыты.

Үшiншi. Тиiмдi шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берiк негiзi.

Шағын, әсiресе, микробизнес елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық және саяси өмiрiнде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс бередi, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергiлiктi бюджеттi нығайтады.

Сондай-ақ, жаппай кәсiпкерлiктi дамыту санаға сiңген патерналистiк пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкiндiк бередi.

Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете бередi.

Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiндi.

Бiрақ сарапшылардың пiкiрiнше, қаржылай қолдаудың игiлiгiн жергiлiктi билiкпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көрiп отыр.

Шын мәнiсiнде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек едi.

Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тiкелей байланысты.

Бiрақ, жергiлiктi әкiмдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған.

Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерiн арттырып, жергiлiктi бюджеттi нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Осыған орай, Есеп комитетiне және Қаржы министрлiгiне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Елiмiзде кәсiпкерлiктi дамытудың үлгi боларлық мысалдары жеткiлiктi. Бiз шағын кәсiпкерлiктi бүкiл қоғам болып қолдауымыз керек.

Үкiметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшiн заңнамалық база әзiрлеудi тапсырамын.

Заңнамаға енгiзiлетiн тиiстi түзетулер 2020 жылдан бастап күшiне енуi керек.

2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектiлерiне тексерiс жүргiзуге үш жылға тыйым салу туралы шешiмiм күшiне енедi.

Бiз бизнестiң адал әрi заңға сәйкес жүргiзiлетiнiне сенемiз. Бизнес өкiлдерi тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиiс.

Мораторий кезеңiнде өзiн-өзi реттеу, қоғамдық бақылау тетiктерiн жандандыру керек.

Бизнес өкiлдерi санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелердi бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелерi жауапкершiлiкке тартылады.

Осылайша, шағын бизнеске түсетiн ауыртпалықты азайтамыз.

Сонымен қатар бизнес өкiлдерi құқық қорғау және тексерушi органдардың iс-әрекетiне байланысты көптеген қиындыққа тап болуда.

Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлiк әрекеттер жиiлеп кеттi.

Бұл мәселе жөнiндегi ұстанымым белгiлi: бизнестiң, әсiресе шағын және орта бизнестiң дамуына кедергi келтiретiн әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиiс.

Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкiмет осы мәселенi шешу жолдарын ұсынуы керек.

Сонымен қатар көлеңкелi экономикаға қарсы iс-қимылды күшейтiп, капиталды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күрестi жандандыру қажет.

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесiн жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажет.

Үкiметке «Бизнестiң жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл iшiнде қосымша 250 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Әлеуметтiк бағыттарға — отбасы бизнесiн құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудiң жаңа тәсiлдерiн енгiзу керек.

Туризмдi, әсiресе экотуризм мен этнотуризмдi дамытуға экономиканың маңызды саласы ретiнде баса мән беру қажет.

Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетiмiз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн.

Туризмдi дамыту үшiн қажеттi инфрақұрылым жүргiзудi, соның iшiнде жол салып, бiлiктi мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет.

Төртiншi. Ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету.

Өз өнiмiн экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттiк қолдау көрсетудiң тиiмдiлiгiн барынша арттыру керек.

Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын.

Бiзде кәсiпкерлердiң осы тобына арналған нақты мемлекеттiк қолдау шаралары жоқ. Бұл, әсiресе, өнiмдi сату iсiне қатысты.

Үкiметке мемлекеттiк индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнiмдiлiгi жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудiң кешендi шараларын әзiрлеудi тапсырамын. Соның iшiнде салықтық, қаржылық, әкiмшiлiк ынталандыру мәселелерi көзделуi тиiс.

Шетелден тiкелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсiм резервi шектеулi болады. Бұл — атқарушы билiк басымдық беруi тиiс мiндеттердiң бiрi.

Қазақстанның 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары аясында әрбiр сала мен өңiр үшiн нақты мақсатты көрсеткiштер белгiленген.

Мемлекеттiк органдар, әсiресе, өңiр әкiмдерi сол көрсеткiштерге қол жеткiзуге тiкелей жауапты болады.

Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр.

Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.

Бiздiң мiндетiмiз — ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейi бойынша өңiрдегi көшбасшылықты нығайту.

Үкiмет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейiмдеу қажет.

Қазақстан технологиялық серiктестiк орнату, мәлiмет орталықтарын құру және орналастыру, мәлiметтер транзитiн дамыту, цифрлық қызметтердiң жаһандық нарығына қатысу үшiн ашық юрисдикция ретiнде өзiндiк брендке айналуы тиiс.

Үкiмет «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметiне қолдау көрсете беруi керек. Бұл құрылым, шын мәнiнде, конституциялық мәртебеге ие болды. Халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, заманауи цифрлық технологияларды дамыту алаңы айналуына толық мүмкiндiгi бар.

Бесiншi. Дамыған агроөнеркәсiп кешенi.

Ауыл шаруашылығы — бiздiң негiзгi ресурсымыз, бiрақ оның әлеуетi толық пайдаланылмай отыр.

Ел iшiнде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнiм өндiру үшiн зор мүмкiндiктер бар.

Бiз суармалы жер көлемiн кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейiн ұлғайтуымыз керек.

Бұл ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемiн 4,5 есе арттыруға мүмкiндiк бередi.

Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрлiктерi фермерлерге өз өнiмiн сыртқа шығарып сату үшiн барынша қолдау көрсетуi тиiс.

Осыған орай Үкiметке тиiстi тапсырма берiлдi. Бұл — маңызды мiндет.

Ауыл шаруашылығы өнiмiн экспорттау iсiнде шикiзатқа негiзделуден бас тарту керек.

Өнiм өңдейтiн кәсiпорындар әлеуетiнiң 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемi 70 пайызға жеттi.

Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту — маңызды мiндет. Келiссөздер жүргiзiлiп жатыр. Үкiмет нақты нәтижеге қол жеткiзуi керек.

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесiне арнайы тоқталғым келедi.

Мемлекет басшысы ретiнде тағы да мәлiмдеймiн: жерiмiз шетелдiктерге сатылмайды. Оған жол берiлмейдi.

Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бiрақ жердi тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету — бiздiң мiндетiмiз.

Жер ресурстарын тиiмсiз пайдалану мәселесi өте өзектi болып отыр.

Жерге салынатын тiкелей салықтар деңгейiнiң төмендiгi жағдайды күрделендiре түстi.

Мемлекеттен жердi тегiн жалға алу құқығына ие болғандардың көпшiлiгi жердi игермей, босқа ұстап отыр.

Елiмiзде «шөп қорыған иттiң» кебiн киген «латифундистер» көбейiп кеттi.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерiн қайтарып алатын кез келдi. Жер — бiздiң ортақ байлығымыз және оны кiм игерсе, соған тиесiлi болуы тиiс.

Үкiмет пен Парламент осы түйткiлдi реттеудiң тиiмдi жолдарын ұсынуы керек.

Бұл — өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсiп кешенiнiң сапалы дамуы мүмкiн емес.

Бүгiнде ет өндiрiсiн ұлғайту мәселесi аналық мал басының проблемасына тiрелiп тұрған жоқ, керiсiнше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердiң жетiспеушiлiгiне байланыстыболып отыр.

Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткiшi 60 пайыздан төмен.

Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнiмдiлiгiн арттыру мүмкiн емес.

Бiз Елбасының «Ауыл — Ел Бесiгi» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Бiз шағын елдi мекендердi дамытуға қатысты өте күрделi мәселенi шешуiмiз қажет.

Өңiрлiк стандарттар әзiрлендi. Ендi оларды үш мыңнан астам негiзгi және қанаттас ауылдық елдi мекендерге енгiзу қажет.

Үкiметке «Ауыл — Ел Бесiгi» жобасын жүзеге асыру үшiн биыл бөлiнген 30 миллиард теңгегеқосымша алдағы үш жыл iшiнде 90 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Бұл қаражат көлiк, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелердi шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.

Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттiк органдардың қатаң бақылауында болуы тиiс.

Алтыншы. Әдiлеттi салық салу жүйесi және тиiмдi қаржылық реттеу.

Жалпы iшкi өнiм мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүлiктiк жiктелуүдерiсi сақталып отыр, тiптi күшейiп барады.

Бұл — алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек.

Ұлттық табыстың әдiл бөлiнуiне баса мән бере отырып, салық жүйесiн жаңғырту қажет деп санаймын.

Үкiмет әлеуметтiк төлемдер көлемiнiң артып келе жатқанына да назар аударуы тиiс.

Бiр жағынан, бұл алымдар әлеуметтiк және зейнетақы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етедi. Бiрақ, жұмыс берушiлер жұмыс орындарын ашуға және еңбекақыны артыруға мүдделi болмай қала ма деген қауiп бар.

Көлеңкелi бизнес белең алады.

Сондықтан Үкiметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемiн енгiзу мәселесiн 2023 жылға дейiн шегерудi тапсырамын. Кейiн бұл мәселеге қайта ораламыз.

Осы уақыт iшiнде Үкiмет, бизнес өкiлдерi мен сарапшылар мәселенi шешудiң жолдарын қарастырып, болашақ зейнеткерлердiң де, жұмыс берушiлердiң де мүдделерiн ескере отырып, ортақ шешiмге келуi тиiс.

Үкiмет Салық кодексiнде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажет. Бұл, шын мәнiсiнде, қосымша салықтар.

Қазiргi салық жүйесiнiң сапасын арттыру — өз алдына бөлек мәселе.

Мұндай жағдай компанияларды өз инвестициясын адами капиталға, еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға, техникалық тұрғыдан қайта жабдықтауға, экспортқа салуға ынталандыруы тиiс.

Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесiн жаппай енгiзу керек. Бұл үшiн тежеушi фактордың бiрi саналатын банктердiң жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ, тиiстi реттеу ережелерiне сәйкес банктiк емес төлем жүйесiн белсендi дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрi тартымды болғанымен, ақша жымқырудың және елiмiзден капитал шығарудың көзiне айналмауы тиiс.

Ұлттық банк осы салаға нақты бақылау орнатуы қажет.

Келесi мәселе. Шикiзаттық емес өнiмнiң экспортына қолдау көрсету үшiн қосымша құн салығын қайтарудың қарапайым әрi жылдам тәртiбiн қолдану мәселесiн қарастыру керек.

Экономикамыздың өте түйткiлдi мәселелерiнiң бiрi — кредит беру көлемiнiң жеткiлiксiздiгi. Соңғы бес жыл iшiнде заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берiлген кредиттiң жалпы көлемi 13 пайыздан аса қысқарған.

Екiншi деңгейдегi банктер қарыз алушылар iшiнде сенiмдiлерiнiң аз екенiн сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жiбередi.

Әрине, қарыз алушылардың сапасына қатысты мәселе бар. Бiрақ, жауапкершiлiктi басқаға артып, тек қана жеңiлдiң астымен жүруге болмайды.

Мен бұл мәселеге қатысты Үкiмет пен Ұлттық банк үйлесiмдi әрi тиiмдi жұмыс жүргiзедi деп ойлаймын.

Тағы бiр мәселе — халықтың, әсiресе әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтардың тым көп несие алуы. Мұның өзi шұғыл шаралар қабылдауға алып келдi. Сiздер бұл жөнiнде бiлесiздер.

Бұл мәселе әлеуметтiк және саяси түйткiлдерге ұласты.

Сондықтан, Үкiмет пен Ұлттық банкке екi ай iшiнде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепiлдiк беретiн тетiктердi енгiзу үшiн дайындық жүргiзудi тапсырамын.

Ақша-кредит саясаты тиiмдiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi елiмiздiң экономикалық дамуын тежейтiн себептiң бiрi болып отыр.

Екiншi деңгейдегi банктердiң бизнеске кредит беру iсiнiң қолайлы әрi ұзақ мерзiмдi болуын қамтамасыз ету керек.

Жыл соңына дейiн Ұлттық банк екiншi деңгейдегi банктердiң активтерiнiң сапасына тәуелсiз бағалау жүргiзу жұмысын аяқтауы қажет.

Жетiншi. Ұлттық қорды тиiмдi пайдалану мәселесi.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелердi шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.

Бұл — келешек ұрпақтың қаржысы.

Ұлттық қордың трансферттерi бәсекеге қабiлеттi экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшiн ғана бөлiнуi керек.

Кепiлдендiрiлген трансферт көлемi 2022 жылдан бастап бiрте-бiрте 2 триллион теңгеге дейiн азаюы тиiс.

Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиiмдi инвестициялық саясатын жүргiзген жөн.

Үкiметке Ұлттық Банкпен бiрлесiп, жыл соңына дейiн Ұлттық қордың қаржысына иелiк етудi жетiлдiру үшiн нақты ұсыныстар әзiрлеудi тапсырамын.

Сегiзiншi. Еңбекақы төлеу деңгейiн арттыру.

Кен өндiру саласындағы iрi кәсiпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенiн көрiп отырмыз.

Халықтың әлеуметтiк жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкiмет бұл мәселедетабандылық танытуы керек.

Үкiметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшiн жұмыс берушiлердi ынталандыру мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

IV. ӘЛЕУМЕТТIК ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢI.

Елiмiздiң бюджетi екi негiзгi мақсатқа бағытталуы тиiс — экономиканы дамыту және әлеуметтiк мәселелердi шешу.

Әлеуметтiк салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бiрiншi. Бiлiм беру сапасын жақсарту.

Бiздiң елiмiзде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиiмдi әдiстемесi әлi күнге дейiн әзiрленген жоқ.

Шын мәнiнде, мамандар даярлаудың отандық жүйесi нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегi кәсiби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негiзiн құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистiк ағымдардың ықпалына түсуде.

Бiз оқушылардың қабiлетiн айқындап, кәсiби бағыт-бағдар беру саясатына көшуiмiз қажет.

Бұл саясат орта бiлiм берудiң ұлттық стандартының негiзi болуы тиiс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бiрақ мүмкiндiктер аз. Кәсiпорындар тиiстi мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсiз жағдайды жедел түзетуiмiз керек.

Қала мен ауыл мектептерi арасындағы орта бiлiм сапасы алшақтап барады.

Негiзгi мәселе — ауылдық жерлердегi бiлiктi педагог кадрлардың тапшылығы.

Сондықтан, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтiп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкiметке келесi жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды

20 миллиард теңгеге жеткiзудi тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын iрiктеп, отандық және шетелдiк жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшiн Үкiметке Дарынды баланың қабiлетiн дамытудың жол картасын әзiрлеудi тапсырамын.

Үкiмет пен әкiмдер осындай балалардың үйiрмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшiн мүмкiндiк жасауы керек.

Ендi жоғары бiлiмнiң сапасына жеке тоқталғым келедi.

Өз түлектерiн жұмыспен қамту жағынан елiмiздегi жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткiзiп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесiн қарау керек.

Терең бiлiм берудiң орнына диплом сатумен айналысқан университеттерiмiз бар екенi дежасырын емес.

Бiрiншi кезекте соларға тыйым салу арқылы бiз оқу орындарындағы бiлiм беру сапасын арттыруға күш саламыз.

Бiлiм саласына қатысты тағы бiр мәселе — қаржыландырудың бiркелкi болмауы және өңiрлiк басқарудың қазiргi жүйесiнiң тиiмсiздiгi.

Бiлiм бөлiмдерiн басқару және бюджет қаржысын әкiмшiлендiру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.

Бiлiм берудiң барлық деңгейiнде дербес қаржыландыру тәртiбiн енгiзу қажет.

Тағы бiр өзектi мәселе. Бұл — оқулық сапасының төмендiгi.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету ¬– тиiстi министрлiктiң тiкелей мiндетi.

Мұғалiмдер мен оқытушылардың әлеуметтiк жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды.

Сондықтан, мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл iшiнде мұғалiмдердiң еңбек ақысын екi есе арттыруды тапсырдым. Бұл — келесi жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседi деген сөз.

Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етедi. Бiз ғылымсыз елiмiздiң дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.

Отандық ғылым жүйесi қаншалықты сапалы әрi тиiмдi? Бұл  — басқа мәселе.

Үкiмет аталған мәселенi ғылыми зерттеулердiң деңгейiн көтеру және оларды тәжiрибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн.

Екiншi. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивтi қоғам құру.

Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы iс-қимыл мәселесiне басымдық беруiмiз қажет.

Жасөспiрiмдер арасында көбейiп кеткен суицид мәселесiмен мақсатты түрде айналысу керек.

Бiз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнiнде толыққанды бағдарлама әзiрлеуiмiз қажет.

Қамқорлығында мүмкiндiгi шектеулi балалары бар отбасыларға ерекше көңiл бөлiнуi тиiс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектiгiне байланысты есепте тұр.

Үкiмет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтiк қолдау көрсетудi жақсарту үшiн шаралар қабылдауы керек.

Балаларға қолжетiмдi болуы үшiн шағын және орташа оңалту орталықтарының желiсiнкеңейту қажет.

Бiз ерекше қажеттiлiктерi бар адамдар үшiн бiрдей мүмкiндiк жасауға мiндеттiмiз.

Мен бұл туралы өзiмнiң сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкiметке ендi осы мақсатқа үш жыл iшiнде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесi айрықша назар аударуды талап етедi.

Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.

Спорт инфрақұрылымының балалар үшiн барынша қолжетiмдi болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету iсi жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиiс. Бұл салауатты әрi белсендi жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негiзiн қалыптастарды.

Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөнiндегi кешендi жоспар қабылдау қажет.

2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Ерiктiлер қызметiне азаматтардың, әсiресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсендi өмiрлiк ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру — маңызды мiндет.

Бұл — азаматтық қоғамды нығайту жөнiндегi жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлiгi.

Үшiншi. Медициналық қызмет көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсiресе, ана мен сәби өлiмiне қатыстыкөрсеткiштердiң өңiрлiк теңгерiмсiздiгi айқын көрiнедi.

Дегенмен, бұл көрсеткiш төмендеп келедi. Бiрақ әлi де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердiң деңгейiнен айтарлықтай көп.

Үкiмет әр өңiр бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнiнде басымдықтар тiзiмiн жасап, соның негiзiнде бюджеттен қаржы бөлуi қажет.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыружүйесi iске қосылады.

Әрқайсысыңызға мына нәрсенi айтқым келедi: мемлекет тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл iшiнде 2,8 триллионнан астам теңге бөлiнедi.

Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлiнедi.

Үкiмет әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiнiң беделiне тағы да нұқсан келтiрмеу үшiн оны жүзеге асыру мәселесiне зор жауапкершiлiкпен қарауы қажет.

Бiздiң қателесуге құқымыз жоқ.

Төртiншi. Мәдениет қызметкерлерiн қолдау.

Бiз мәдениет саласында жұмыс iстейтiн азаматтарға жеткiлiктi түрде көңiл бөлмей отырмыз.

Бұл — ең алдымен, кiтапхана, музей, театр қызметкерлерiне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қызметкерлерi, әсiресе жас мамандар жеңiлдiгi бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуал осы кәсiптiң беделiн түсiрiп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезiлуде.

Келесi жылдан бастап Үкiмет мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысын көбейтуi тиiс.

Сондай-ақ, бiлiм беру және денсаулық сақтау салаларындағы мiндеттi әлеуметтiк жеңiлдiктер мәдениет саласының өкiлдерiне де берiлуi керек.

Бесiншi. Әлеуметтiк көмек көрсету жүйесiн одан әрi дамыту.

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдауда.

Алайда, бiрқатар шешiмдер жан-жақты сарапталмай қабылданды.

Нәтижесiнде бұл патерналистiк пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтiк көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан.

Әлеуметтiк көмекке бюджеттен бөлiнетiн қаражат көлемi 2017 жылдан берi 17 есе көбейдi және одан да арта түстi.

Басқаша айтқанда, жұмыс iстегiсi келмейтiн адамдар немесе әлеуметтiк көмек алу үшiн өздерiнiң табысын жасыратындар көбейдi. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтiк көмек алатыны туралы деректер бұған дейiн бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Тағы да атап өтемiн. Конституция бойынша бiздiң елiмiз — әлеуметтiк мемлекет. Сондықтан мемлекетiмiз азаматтар алдындағы мiндеттерiн орындауы тиiс.

Үкiмет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуға мiндеттi. Ал, резервтердi тиiмсiз шығындарды азайту және табысты арттыру есебiнен қалыптастыру қажет.

Мұндай резервтердiң бар екенi сөзсiз. Қаржы министрлiгi табысты арттыру үшiн жұмыс жүргiзуде. Алайда, қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден iсiне қатысты.

Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесiнiң отырысында мемлекеттiк сатып алулар үдерiсiн ретке келтiру мәселесiне ерекше мән бердi. Қаржы министрлiгi мемлекеттiк сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бiрақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.

Мемлекеттiк сатып алудың әлеуетi зор (кейбiр есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейiн жетедi). Бұл қаржыны өзектi әлеуметтiк мәселелердi шешуге жұмсауға болады.

2018 жылы мемлекеттiк сатып алу көлемi 4,4 триллион теңгенi құрады, соның 3,3 триллион теңгесi немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсiлмен бiр көзден алу арқылы жұмсалған.

Шенеунiктер мен түрлi делдалдарды пайдаға кенелтiп отырған бұл табыс көзiн жабатын кез келдi.

Атаулы әлеуметтiк көмекке қайта оралайық. Үкiмет оны бөлу тәртiбiн реттеуi керек. Бұл жүйе ашық әрi әдiлеттi болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиiс. Көмек, негiзiнен, жұмыс iстейтiндерге берiлуi тиiс.

Сонымен бiрге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшiнкепiлдендiрiлген әлеуметтiк көмектi енгiзу қажет. Бұл дегенiмiз — мектеп жасына дейiнгi балаларға үнемi қолдау көрсету, барлық оқушыға тегiн ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның iшiнде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көлiктерде жүру шығындарын өтеу.

Осыған қатысты шешiмдердiң барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енуi тиiс.

Үкiмет «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп бiр ай iшiнде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның iшiнде үй жағдайында кәсiппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзiрлеуi қажет.

Алтыншы. Елiмiздiң зейнетақы жүйесiн дамыту саласына ерекше тоқталғым келедi. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткiлiктi.

Қазiргi кезде зейнетақы жинағының жетiспеушiлiгi онша сезiлмейдi. Алайда, 10 жылдан кейiн жағдай өзгеруi мүмкiн. Жұмыс iстеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал, зейнеткерлер саны арта түседi.

Бұл ретте, зейнетақы активiнен түсетiн инвестициялық табыс пен жинақ деңгейi төмен болып қала бермек.

Сондықтан Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесiп, зейнетақы жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн нақты жұмыс жүргiзуi керек.

Қазiр жұмыс iстеп жүрген адам өзiнiң зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.

Бiрақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейiн пайдаланғысы келетiнi түсiнiктi жағдай.

Жұмыс iстейтiн азаматтар өздерiнiң зейнетақы жинағының бiр бөлiгiн белгiлi бiр мақсатқа, соның iшiнде баспана сатып алуға немесе бiлiм алу үшiн пайдалану мәселесiн жыл соңына дейiн пысықтауды Үкiметке тапсырамын.

Шығындарды оңтайландыру және активтердi инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкiметке ортақ әлеуметтiк қор құру және бiрыңғай әлеуметтiк төлем енгiзуарқылы әлеуметтiк қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесiн жұмылдыру мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

V. ҚУАТТЫ ӨҢIРЛЕР — ҚУАТТЫ ЕЛ.

Бұл бағытта мынадай мiндеттерге баса мән беру керек.

Бiрiншi. Жергiлiктi билiк органдары жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру.

Жергiлiктi билiк тұрғындар үшiн әрдайым ашық болуы тиiс. Бұл аксиома әлi де бүгiнгi күннiң шындығына айналмай отыр.

Пилоттық жоба ретiнде тұрғындар тарапынан жергiлiктi билiк жұмысының тиiмдiлiгiн бағалау жүйесiн енгiзу қажет деп санаймын.

Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесiнде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкiмiнiң жұмысын тиiмсiз деп есептесе, бұл Президент Әкiмшiлiгiнiң арнайы комиссия құрып, туындаған мәселенi зерттеуiне және тиiстi ұсыным енгiзуiне негiз бола алады.

Екiншi. Бюджетаралық қатынастар жүйесiн реформалау.

Бюджетаралық қатынастардың қазiргi жүйесi түрлi деңгейдегi әкiмдiктердi жергiлiктi дамудың негiзгi көздерiн, яғни шағын және орта бизнестi өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңiрлер қосымша табыс көзiн iздестiруге құлықсыз.

Келесi жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетiн қосымша салық түсiмдерi өңiрлердiң құзыретiне берiлетiн болады.

Бiрақ бұл да жеткiлiксiз. Бюджет үдерiсiнiң барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыру қажеттiгi туындап отыр. Жергiлiктi бюджеттi қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл iсте үлкен рөл атқаруы тиiс.

Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегi билiк жергiлiктi маңызы бар мiндеттердi шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлiнше дербес болуы тиiс. Олардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi заңнамалық актiлерде нақты белгiленуi керек.

Үшiншi. Басқарылатын урбанизация және бiрыңғай тұрғын үй саясаты.

Бұған дейiн қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы» заңдар өзiнiң тиiмдiлiгiн көрсеттi. Бiрақ, бүгiнде бұл заңдарды жетiлдiру қажет.

Ең iрi үш қала әкiмдiктерiнiң құзыретiн, соның iшiнде қала құрылысы саясаты, көлiк инфрақұрылымы, қала сәулетiн қалыптастыру саласындағы құзыреттерiн кеңейту керек.

Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптiгi қазiргi кезде мақтанарлық жағдай емес, керiсiнше тұрғындардың әлеуметтiк-экономикалық қажеттiлiктерiн толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негiз болып отыр.

Iрi қалалардың тұрғындары көбейiп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкiмет көшi-қон үдерiсiн басқару үшiн пәрмендi шаралар қабылдауы тиiс.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бiрыңғай тұрғын үй саясатын әзiрлеу қажеттiгiн айтқан болатынмын.

Негiзгi қағидат — тұрғындар, әсiресе, әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтар үшiн баспананың қолжетiмдiлiгiн арттыру.

Үкiмет жүйесiз бағдарламалар қабылдау тәжiрибесiн тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетiлдiрудiң бiрыңғай моделiн әзiрлеуi қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтiк мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгенi құрауы тиiс. Табысы аз адамдар бұған қатыса алмай отыр.

Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңiлдетiлген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы iске қосылды. Бұл — өте тиiмдi жеңiлдiк.

Жыл соңына дейiн бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етiледi. Бiрiншi кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкiмет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгiлеп, оны қатаң әкiмшiлендiрудi қамтамасыз етуi керек. Шын мәнiнде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетiлуi тиiс.

Менiң Үкiметке тапсырмам — кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесiн үш жыл iшiнде шешу керек. Бүгiнде олардың саны 30 мыңға жуық.

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтiк жалға алу тәртiбiмен қоныстануүшiн мүмкiндiк беру қажет.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледi.

Жеке бизнестi осы жұмыстарға тарту үшiн жаңа шаралар қабылдап, мемлекет-жекеменшiк әрiптестiк тетiктерiн жұмылдырған жөн.

Азаматтар әкiмдiк беретiн әлеуметтiк пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерiсiнiң ашық болмай отырғанына наразы.

Үкiмет жыл соңына дейiн жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңiлдетiлген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бiрыңғай жүйесiн құруы керек.

Коммуналдық желiлердiң тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегенiне қарамастан, бұл көрсеткiш жоғары болып отыр.

Бұдан бөлек, көп пәтерлi 78 мың үйдiң 18 мыңнан астамы жөндеудi қажет етедi.

Өңiрлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшiн екi жыл iшiнде бюджеттiк несие түрiнде30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу керек.

Үкiметке осы тетiктi енгiзу мүмкiндiгiн қарастырып, қаражаттың тиiмдi игерiлуiн қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

2022 жылға қарай өңiрлердi дамыту бюджетi 800 миллиард теңгеден асып кетедi.

Әкiмдерге жергiлiктi мәслихаттармен бiрiгiп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту iсiн бiрлесе қаржыландыруға және өңiр тұрғындарының өзектi әлеуметтiк мәселелерiн шешуге бағыттауды қамтамасыз етудi тапсырамын.

Төртiншi. Инфрақұрылымды дамыту.

Елiмiздiң әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлiк инфрақұрылымынақол жеткiзу деңгейi бiркелкi емес екенi белгiлi.

Осы теңсiздiктi жою үшiн жұмысты жандандыру қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желiсiнiң бiрiншi кезектегi құрылысы аяқталып келедi.

Келесi жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстiк Қазақстан облыстарында тарату желiлерiн салу жұмыстары басталады.

Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөлiп отыр. Нәтижесiнде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етiлетiн болады.

Алдағы үш жыл iшiнде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткiзумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлiнедi.

Атқарушы билiк органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы iске асыруға баса мән беруi керек.

Бұл — стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкiл көлiк инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейiн 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.

Үкiмет бұған дейiн де көп қаражат бөлген болатын, бiрақ оның көбi құмға сiңген судай жоқ болып кеттi. Ашығын айтсақ, шенеунiктердiң қалтасына кеттi, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлi де сол күйiнде.

Бұл жолы Үкiмет пен Парламент Есеп комитетiмен бiрлесiп, бюджет қаражатын толығымен тиiмдi пайдалануды қамтамасыз етуi тиiс.

Үкiмет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау iсiн дәрiптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бiрге — Таза Қазақстан» науқаны — қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Парламент Экологиялық кодекстiң жаңа редакциясын талқылап, қабылдауы қажет.

Жалпы, Үкiмет алдағы кезеңде жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыруы тиiс. Халық нақты нәтиже күтiп отыр.

Құрметтi отандастар!

Бiз елiмiздi реформалаудың жаңа кезеңiне қадам бастық. Осы маңызды мiндеттердi сапалы орындауымыз керек.

Елiмiздiң әрбiр тұрғыны оң өзгерiстi сезiнуi тиiс.

Мен мемлекеттiк органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткiзудi талап етемiн.

Реформаны тек реформа үшiн жүргiзуге жол берiлмейдi.

Әрбiр министрде және әкiмде нәтижелi жұмыстың негiзгi көрсеткiштерiнiң тiзiмi болуы тиiс.

Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткiзу деңгейi анықталады.

Үкiмет мүшелерiне, мемлекеттiк органдар мен өңiрлердiң, мемлекеттiк компаниялардың және мекемелердiң басшыларына тиiстi реформаның жүзеге асырылуы үшiн дербес жауапкершiлiк жүктеледi.

Осыған байланысты, жақында тиiстi Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегi ахуал, соның iшiнде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негiзiнде нақты бағаланатын болады.

Үкiметтiң әлеуметтiк және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттiлiктерiне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргiзуi қажет. Бұл үшiн бақылау, талдау және болжау жүйесiн неғұрлым күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтiнiшiне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнiнде тапсырма беремiн.

Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуi тиiс.

Қадiрлi қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бiзге белгiлi.

Осыған орай, ахуалды жақсарту үшiн iс-қимыл жоспары әзiрленiп жатыр.

Бiзге зор жауапкершiлiк жүктелiп отыр.

Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбiр азаматқа зор сенiм артамын.

Қазақстан — ортақ шаңырағымыз!

Мен бәрiңiздi мерейлi мекенiмiздi өркендетуге үлес қосуға шақырамын!

Сындарлы қоғамдық диалог — татулық пен тұрақтылық негiзi.

Ұлы Абай өзiнiң алтыншы қара сөзiнде «Бiрлiк — ақылға бiрлiк» дегенiн бiлесiздер.

Елбасымыздың «Ел бiрлiгi — ең асыл қасиет» деген қанатты сөзi — бiздiң айнымас қағидамыз.

Береке мен бiрлiк, ақыл мен парасат халқымызды үнемi алға бастап келедi.

Бағытымыз — айқын, жолымыз — ашық.

Бәрiмiз бiрге болсақ, елiмiз бұдан да зор жетiстiкке жетедi деп сенемiн!

Баршаңызға амандық, табыс тiлеймiн!

Мақаланың шыққан күні: 03.09.2019 14:51
Парақтағы соңғы өзгерістер: 03.09.2019 14:51
Қаралым саны: 253

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2019 Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

ҚР, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Сәтпаев көшесі, 1А

8 (7162) 25-51-87

oblzdrav@kokshetau.online.kz